«COVID-19» инфекциясын жұқтырудың алдын алудың бірден бір жолы - вакцинация қабылдау. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінде індетке қарсы егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біздің ауданымызға 4 наурызда коронавирус инфекциясына қарсы екпенің І және ІІ-турына 200 дозадан вакцина келіп, бүгінгі күнге 200 адам екі реттен вакцина қабылдады. Вакцинация ерікті түрде жасалынады. Вакцина құрамындағы компоненттер иммун реакциясын тудыратын ақуыз шығарады, осылайша организм вируспен күресуді үйренеді. Иммун реакциясын күшейту үшін вакцина 3 апта аралығымен екі рет жасалады. Бірінші вакцина 26 аденовирус серотипіне негізделген, ал екіншісімен 5 серотип енгізіледі. Салынып жатқан «Спутник V» немесе «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасы -18 градустан төмен температурада сақталады және қолданар алдында бөлме температурасында ерітіледі. Бұл вакцина коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатудың бірден бір кепілі, яғни халық арасында инфекцияның одан әрі таралуын шектейді. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес 18 жасқа дейінгілерге және 65 жастан асқан кісілерге, жүктілік және емізу кезеңіндегі әйелдерге, сондай-ақ анамнезінде дәрілік препараттарға ауыр аллергиялық реакциясы бар пациенттерге егілмейді. «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының басқа екпелердан ерекшелігі - оның екінші нұсқасы арада 21 күн өткен соң ғана салынады. Жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасы өзінің қауіпсіз екенін дәлелдеді, себебі бүгінге дейін егілгендер арасында екпеден кейінгі ауыр асқыну жағдайлары тіркелмеген, біздің ауданымызда да екпе салынғандар арасында асқыну жағдайы тіркелген жоқ. Вакцина қабылдағаннан кейін шаршау, аздап дене қызуының көтерілуі сияқты болмашы кері әсерлер болады. Негізінен жыл соңына дейін аудан бойынша 5249 адам егіледі деп жоспарлануда, осы сәуір айынан бастап бекітілген жоспарға сәйкес ай сайын 580 доза вакцина егу ұйымдастырылады. Сондықтан, ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ВАКЦИНА ҚАБЫЛДАУ ШАРАЛАРЫНАН ТЫС ҚАЛМАЙ, КОРОНАВИРУС ІНДЕТІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА АСЫҒАЙЫҚ!
Бас эпидемиолог А.Отарбеков