Медициналық қызмет сапасын арттыру, медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау саласына жаңа технологияларды енгізу жұмыстары кеңінен өріс алып жатқаны белгілі. Осы бағытта ауданымыздағы кәсіби мамандардың біліктілігін арттыру бойынша түрлі шаралар қабылдануда. Әсіресе кадрлар біліктілігіне баса назар аударылуда. Жақында аудандық емхананың көз дәрігері Әжібеков Бақытжан Қанжарбекұлы Ресей Федерациясына қарасты Татарстан мемлекетінің Казань қаласына біліктілік арттыру курсына барып қайтты. Он күн бойына жалғасқан бұл оқу курсы облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Ая-Хан» оқу орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Біліктілік арттыру курсында болып қайтқан дәрігер Б.Әжібеков Казань қаласындағы "AMTEC-KAZAN» жоғары медициналық технологиялар университетінде ұйымдастырылған оқу барысында «Витреоренитальды хирургия» бойынша оталар жасауға қатысқанын, сондай-ақ білікті дәрігер, Казань мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Самойлов Александр Николаевич дәріс бергендігін айтады. Медицинасы жақсы дамыған шет мемлекеттерде өткізілетін осындай біліктілік арттыру курстары алдағы уақытта да жалғаспақ.

Баспасөз хатшысы