ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани келісім» күніне орай Жаңақорған аудандық емханасында «Денсаулық – болашақ кепілі» атты жиын болып өтті. Жиынның басты мақсаты - екпе шараларынан бас тартқан азаматтарға екпе шараларының тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Екпе шараларынан бас тартқан балалардың ата-аналары шақырылған аталмыш шараға «Рухани келісім» облыстық ақпараттық түсіндіру тобының өкілдері «Дін мәселелерін зерттеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары А.Боранбаев пен Қызылорда қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы М.Үркімбаев, сондай-ақ емдеу және алдын алу ұйымдарының басшылары мен сала мамандары қатысты. Шараны жүргізген бас дәрігер С.Ысқақов Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі басымдықтарға тоқталып өтті. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері ұйымдастырылып жатқан шараның маңыздылығын сөз етті. Дәрігер-эпидемиолог А.Отарбеков «Екпе шараларының маңыздылығы және жұқпалы инфекциялық ауруларға қарсы егу шаралары» тақырыбында хабарлама жасады.

Аурухана баспасөз қызметі