2016 жылдың 30 қарашасы күні Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы ұжымында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған «Елімен етене Елбасы» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға емдеу және алдын алу ұйымдарының басшылары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының өкілдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, сала қызметкерлері мен арнайы шақырылған отбасылар қатысты. Аудандық орталық аурухана бас дәрігері С.Ысқақов құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты шараны ашып берді. Бас дәрігер Сәулебек Есхожаұлы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктері мен Елбасымыздың ерлікке толы ерен еңбектеріне тоқталып өтті. ҚР Мемлекеттік Гимні орындалып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай зейнеткерлер мен бір топ сала қызметкерлері аудандық орталық аурухана бас дәрігері мен салалық кәсіподақ ұйымының, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған дәл осы салтанатты шара барысында мекеме қамқорлығына алынған бес отбасыға ұжым атынан әрқайсысына 10 мың теңгеден қаржылай қайырымдылық көмек көрсетіліп, құттықтау хаттар табыс етілді. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концертіне ұласып, ән-жырдан шашу шашылды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі құтты болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыз көркейіп, мемлекетіміз нығайып, Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы мұраттарымызға жете берейік.

Аурухана әкімшілігі