Денсаулық фестивалі өтті
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасынан туындайтын міндеттерді іске асыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жаңақорған кенті орталығында Денсаулық фестивалі өтті. «Саламатты сандарға қол жеткіз!» ұранымен ұйымдастырылған бұл шараға аудан тұрғындарымен қатар, халыққа қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары, ұстаздар, Жаңақорған агро-техникалық колледж студенттері, үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдері қатысты. Фестивальдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Ғ.Әміреев пен аурухана бас дәрігерінің орынбасары З.Тлепбаева айтулы шараның маңыздылығына тоқтала келе, ұлт саулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене белсенділігін арттыру, аурулардың алдын алу бойынша ауданда атқарылып жатқан игі шаралар жайлы сөз етті. Фестиваль аясында аудандық спорт мектебі мен облыстық Жастар Денсаулығы Орталығының аудандық бөлімшесінің мамандары қол күрес, қаппен ұру, арқан тарту, т.б. спорт түрлерінен жастар арасында сайыстар өткізді. Шара барысында тұрғындарға мамандандырылған жылжымалы медициналық кешен қызметі ұсынылып, тақырыптық үнпарақшалар таратылды. Сондай-ақ шараға қатысушыларға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
https://openjanakorgan.kz/razvitie/202-densauly-festivali-tti-2#sigProIdd2a42992ce