Соңғы жылдары республикамыз бойынша денсаулық сақтау саласын дамытуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға басымдықтар берілуде. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен шет мемлекеттердегі ғылыми орталықтар мен өңірлік оқу орталықтарында облыс мамандары түрлі дәрістер алуда. Бұл жолғы біліктілік арттыру курсы Ресей Федерациясындағы Татарстан Республикасының Казань қаласында ұйымдастырылды. «Факоэмульсификация» отасын жасау тәсілі бойынша өткен оқу курсына 2018 жылдың 14 мамыр – 25 мамыр аралығында облыс бойынша 4 дәрігер-офтальмолог Казань қаласына барып қайттық. Біздің Жаңақорған ауданынан дәрігер-офтальмолог Бақытжан Әжібеков Казань қаласында болып қайтты. Оқу дәрістері Казаньның «AMTEC-KAZAN» жоғары медициналық технологиялар оқыту орталығында ұйымдастырылды. Біліктілік арттыру курсында Татарстан Республикасының танымал офтальмологтары ағалы-інілі Андрей және Александр Расческовтар дәріс берді. Татарстан Республикасының Бас офтальмологы Александр Расческовтың жеке клиникасында тәжірибе алмасу сабақтары өткізіліп, катаракта ауруы бойынша науқастарға ота жасау тәсілі үйретілді. Дәрігер Б.Әжібековтің айтуынша, тәжірибе барысында жоғары техногиялы «INFINITI» және «CENTURION» аппараттары пайдаланылған. Катаракта ауруы бойынша ота жасалатын дәл осы «INFINITI» аппараты енді біздің ауданымызға да алынатын болды. Бұл туралы бас дәрігер Сәулебек Есхожаұлы ойын білдіре келе, дәл осы жаңа технологиялы аппаратқа тапсырыс берілгендігін айтты. «Сондықтан жақын күндері біз де осы аппаратқа қол жеткізіп, Казань қаласында алған іс-тәжірибемізді өзімізде пайдалануға мүмкіндік тумақ, яғни алдағы уақытта катарактаға байланысты оталарды өзімізде жасай беретін боламыз»,- дейді дәрігер-офтальмолог Б.Әжібеков. Істеріңізге сәттілік...