Медициналық бекеттер пайдалануға берілді
https://openjanakorgan.kz/razvitie/172-meditsinaly-beketter-pajdalanu-a-berildi#sigProId88b373e5f8
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ауданымызда көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Өткен аптада денсаулық сақтау саласы бойынша екі бірдей нысан халық игілігіне пайдалануға берілді. Әуелі ауыл халқы көптен асыға күткен Аққұм елді мекеніндегі медициналық бекет ғимаратының ашылу салтанаты болды. Игі шараға аудан әкімі Ғ.Әміреев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экономика ісі жөніндегі орынбасары Б.Кеншимбаева келіп қатысып, ауыл тұрғындарын ізгі қуаныштарымен құттықтады. Аудан әкімі Ғалым Махмутбайұлы игі шараға жиналған көпшілікті Тәулсіздік күні мерекесімен құттықтай келе, замана көшінің заңғар биігіне көтерілген біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің алған асулары мен жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Аудан әкімі өз сөзінде: «Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың көрегенділігі мен іскерлігінің арқасында біздің мемлекетіміз әлем халқына танылып, бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына енді. Мұның бәрі де ата-баларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздіктің, елдегі қалыптасқан саяси тұрақтылықтың, тәуелсіздік жылдарындағы жасалынып жатқан игі жұмыстардың, Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Халық денсаулығын жақсарту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі және бірегейі. Осы жолда денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөнінде кешенді шаралар іске асырылып келеді және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады» деп атап өтті. Ауыл ардагері Т.Муслимов мемлекет тарапынан ауыл халқы үшін жасалынып жатқан игі жұмыстарға оң бағасын бере келе, ауыл тұрғындарының алғыс сезімін жеткізді. Аққұм медициналық бекеті ғимаратының лентасы қиылып, ауыл тұрғындары денсаулық нысанының ішкі жабдықталуымен танысты. Онан кейін осындай игі шара Еңбек елді мекенінде жалғасын тапты. Еңбек ауылында да жеке әріптестік секторы арқылы салынған ғимаратты бюджет қаржысына сатып алу арқылы пайдалануға беріліп жатқан медициналық бекет ғимаратының ашылу салтанатына да ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары С.Ыдырысов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экономика ісі жөніндегі орынбасары Кеншимбаева Бақыт Қуанышбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, игі шараға қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Ауыл ардагері Е.Ержігітов ауыл тұрғындарының атынан сөз алып, ел игілігі жолында ауылға жасалынып жатқан қамқорлықтар үшін Елбасына алғыс сезімін жеткізді. Еңбек медициналық бекетінің меңгерушісі Г.Ақмолдаева мен ауыл фельдшері А.Досмағанбетовтер БАҚ-на сұқбат берді.
Ә.Сыздықов