Келелі кездесу өтті
Қоғамда орын алып жатқан оң өзгерістер, жарқын жаңалықтар денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында да қызу талқыланып жатады. «Бір мақсат. Бір мүдде. Бір болашақ» деп Елбасымыз айтқандай, кез-келген мәселенің шешімін тек қана бірлесе отырып, қоғам боп атсалыса отырып шешуге болады. Қазіргі уақытта Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жақсы білеміз. Жаңа жүйеге қатысты талай пікірлер де айтылып жатыр. Сондықтан болар, Медициналық сақтандыру жүйесін қолданысқа енгізу сәл кейінге қалдырылғаны да белгілі. Алайда, медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізіліп жатыр. Осы мәселелерге байланысты аудандық емханада «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы мамандарының қатысуымен келелі кездесу болып өтті. Түсіндіру жиынына кент әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мен ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) өкілдері, кент тұрғындары, медицина қызметкерлері қатысты. Түсіндіру жиыны барысында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) еңгізілуі» және «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарына халықты бекіту тәртібі» тақырыптарында хабарламалар жасалды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Г.Муратбаев пен сарапшы А.Абильдаевалар жоғарыда айтылған тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қатысушылар тарапынан берілген сауалдарға жауап берді. Кездесу барысында көптің көкейінде жүрген көптеген сауалдар да қойылды. Жиынды қорытқан аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Әләудінұлы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аудандағы насихатталу барысына тоқталып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Баспасөз қызметі
https://openjanakorgan.kz/razvitie/162-keleli-kezdesu-tti#sigProIdced609135b