Биылғы өткізілген Денсаулық фестивалі 2017 жылдың 9 қыркүйегіне жоспарланып, «Біздің денсаулығымыз - өз қолымызда!» ұранымен ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің 20 жылдығына орайластырылған осы «Денсаулық фестивалі - 2017» кең ауқымды акциясына ардагерлер, аудандағы халыққа қызмет көрсететін ұйым, мекеме қызметкерлері, жастар мен жасөспірімдер қатыстырылды. Шара барысында акцияға қатысушыларға фестиваль логотиптері бейнеленген футболкалар мен бас киімдер (кепкалар) берілді. Денсаулық фестивалі аясында фестивальға қатысушылар сап түзеп, Жаңақорған кентіндегі Ордакент ардагерлер үйі және жастар ресурстық орталығы ғимаратынан орталық алаңға дейін жаяу жүріп өтті. Жаяу жүру марафонына аудан әкімі Ғ.Әміреев бастаған ауданымыздың еңбек және тыл ардагерлері, ел ағалары да қатысты.

Дене белсенділігін жақсарту мақсатында «Жүру зиян емес - жүрмеу зиян» ұранымен өткен жаяу жүру марафоны орталық алаңдағы ұйымдастырылған жаппай жаттығу жұмыстарымен аяқталды. Аталмыш шараға аудандағы барлық мекемелер мен бөлімдерден, емдеу және алдын алу ұйымдарынан, аудан мектептерінен 2500-ге тарта адам қатысты. Кең ауқымды акцияда сөз сөйлеген аудан әкімі Ғ.Әміреев пен аудандық орталық аурухана бас дәрігері С.Ысқақов шараның маңыздылығына тоқтала келе, орталық алаңда спорттың 7 түрінен ұйымдастырылған сайыстардың жеңімпаздарын аудан әкімінің алғыс хатымен және облыстық жастар денсаулығы орталығының алғыс хатымен марапаттап, сый-сияпаттар табыс етті.