Ұлт денсаулығын нығайту бағытында атқарылып жатқан ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының тиімділігі зор. Осындай жұмыстардың қатарында биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараның бірі – «Өз денсаулығың – өз қолыңда!» атты акциясы. Аталмыш шара адам көп шоғырланатын орталық базар аумағында ұйымдастырылды. 

Шара барлық аудан орталықтарында  облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық жастар денсаулық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Акцияның басты мақсаты - аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, жат қылықтардан бойларын аулақ ұстауға және адам денсаулығына едәуір зиянын тигізер  алкоголь, темекі өнімдерінен бас тартуға, өз денсаулықтарына мерзімінде көңіл бөлуге шақыру. Ауқымды акцияға облыстық жастар денсаулық орталығының директоры Ж.Қалмақова қатысты және шара барысында «Әйелдердің денсаулығын сақтайық!», «Темекіден сақтанайық!», «АИТВ – ғасыр дерті» және «Дені сау отбасы – бақытты жанұя!» тақырыптарында сала мамандарының хабарламалары оқылды. Акцияға қатысушы тұрғындарға облыстық жастар денсаулық орталығы тарапынан арнайы тақырыптық үнпарақшалар таратылды. Денсаулық акциясына келушілер қан қысымдарын өлшетіп, басқа да сала мамандарынан денсаулыққа қажетті кеңестер алды.

«Жастар Денсаулық орталығы» бөлімшесінің маманы Е.Бакиров