КЕШЕНДІ МЕДИЦИНАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жөнінде нақты міндеттер атап көрсетілген. Осы Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысымен "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға орай еліміздің денсаулық сақтау саласында кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізіле бастады. Қазіргі таңда аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдары осы жаңа жүйе бойынша жұмыс жасап келеді. Жаңа жүйенің ең алғашқы сатысы – емдеу ұйымдарына тіркелген тұрғындарды жүйенің электронды денсаулық паспортына енгізу. Осы электронды денсаулық паспорты арқылы кез-келген емдеу ұйымы қаралуға келген пациент жайлы қажетті ақпараттармен хабардар болады.
Жүйенің тиімділігі: медициналық құжаттарды электронды жүйеге енгізу, яғни құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу, медициналық жазбалардың сапасы мен ақпараттылығын арттыру, бірқатар электронды бағдарламаларды біріктіру, басқа жүйелермен интеграциялау мүмкіндігі, тұрғындардың жыл сайынғы профилактикалық байқаулардан өту барысын қадағалау және де медициналық тексерулерге науқастарды кезек күттірмей алдын ала немесе белгілі бір уақытқа жазылуын қамтамасыз ету.
Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы емханаға келген науқастар ең алдымен тіркеу орны арқылы немесе «DamuMed» мобильді қосымшасы арқылы өзінің аймақтық жалпы тәжірибелі дәрігерінің қабылдауына жазыла алады. Дәрігер қарау кезінде науқасты аудандық немесе қалалық бейінді мамандарға консультациялық кеңес алуға, сондай-ақ рентгендік, зертханалық тексерулерге, күндізгі емдеу бөлімдеріне электронды түрде жолдай алады. Аудандағы емдеу ұйымдарында жыл басынан бері кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы дәрігерді үйге шақырту, бейінді мамандардан консультациялық кеңестер алу, «Д» есепке тұру, функционалдық, рентгендік, диагностикалық тексерулерден өту, дәрігерге дейінгі қарау, ерлер және әйелдерді қарау, скринингтік тексерулер, жалпы зертханалық тексерулер, еңбекке жарамсыздық парағын алу, иммунопрофилактикалық екпелер, т.б қызмет түрлері электронды түрде көрсетіліп келеді.
Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі бойынша «DamuMed» мобильді қосымшасының енгізілуі медициналық мекемелердегі кезек күтуді едәуір азайтуға септігін тигізуде. Сондықтан кез-келген пациент «DamuMed» мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде дәрігердің қабылдауына жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақырта алады, сондай-ақ жазылған рецептілерді, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көре алады. Тағы бір айта кететін жәйт, «DamuMed» мобильді қосымшасын пайдаланушылардың ұялы телефондарына флюорографиялық, скринингтік тексерулерден өтуге, дәрігерге дейінгі қарау, ерлер және әйелдерді қарау бөлмелерінен өтуге шақыру хабарламалары келіп тұрады. Бұл мобильді қосымшаға 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға, жүкті әйелдер мен диспансерлік бақылауға жататын науқастарға дәрігерді шұғыл түрде үйге шақыртуға мүмкіндік беретін қызмет те енгізілген. Бұл мамандандырылған қазіргі заманауи ақпараттық жүйелер денсаулық сақтау ісіндегі көрсетілетін медициналық қызметтерді бірыңғай автоматтандырылған жүйеге көшіруге жол ашады.
Қорыта айтқанда, денсаулық сақтауды цифрландыру немесе кешенді медициналық ақпараттық жүйесін енгізу осы сала жұмысындағы шешімін табуы тиіс күрделі мәселелерді шешуге жол ашады. Біріншіден, медициналық қателіктердің санын төмендетеді, қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығын, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жүйенің негізгі мақсаты – әрбір адамның денсаулығын мониторингтеу мүмкіндігімен бірыңғай ақпараттық ортаны құру, тұтастай алғанда, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, емделуші мен оның денсаулығы туралы ақпараттарды қамтитын жүйе құру.
Аурухана әкімшілігі