Cыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында кеңейтілген семинар-кеңес болып өтті
Жаңақорған аудандық орталық ауруханасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында кеңейтілген семинар-кеңес болып өтті. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарының басшылары, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің қатысуымен өткен аталмыш жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Байхожаев Берікбол Ұзақұлы мен «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балқожаев Мажит Байхожаұлы қатысып, өзге өңірлерде орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілері туралы айта келе, бұл індетпен қоғам болып күресу қажеттілігіне тоқталды. Денсаулық сақтау саласының ардагері Т.Аблаев сөз сөйлеп, медицина қызметкерлерінің қиындыққа толы еңбек жолдарын сөз етті. Жиынды аудандық орталық аурухана бас дәрігері С.Ысқақов қорытты.