Жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланды
2017 жылдың 16 қаңтары күні Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының мәжіліс залында денсаулық сақтау саласы бойынша 2016 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған алқа мәжілісі болып өтті. Аудандағы емдеу және алдын алу ұйымдарының басшылары, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен алқалы жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Абдусаметов пен аудан әкімінің орынбасары Б.Айтбембет келіп арнайы қатысты. Есепті кездесуде аудан әкімінің орынбасары Б.Айтбембет кіріспе сөз сөйлеп, 2016 жылы елдімекендерде бой көтерген денсаулық сақтау нысандарын айта келе, денсаулық сақтау саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігіне тоқталды. Аудандық орталық аурухана бас дәрігері С.Ысқақов 2016 жылы атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Абдусаметов денсаулық саласы бойынша Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды және сала жұмысындағы жіберілген кемшіліктерге байланысты сын-ескертпелерін айтты. Сала ардагері Т.Аблаев сөз сөйлеп, халық денсаулығын нығайту жолындағы сала қызметкерлерінің жұмысына алғыс сезімін жеткізді. Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы бойынша 2016 жылы атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға берілді.
Баспасөз қызметі